Кеше Елордамызда ҚР Президенті Н.Назарбаевты ұлықтау рәсіміне қатысты концерт ұйымдастырылып, отандық жұлдыздар өнерлерін паш етті. Күннің суығына қарамастан орталық алаңға келген көрермендер көп болды.
Кештің жүргізушілері: 1show.kz журналының басшылары мен ORDA fm радиосындағы «Лига Джентльменов» бағдарламасының қатысушылары Азамат пен Антон және радиожүргізуші Бахтияр Абильхаир жиналған қауымды барынша сергітті.
Елбасымыздың салиқалы саясатын қолдап, мемлекеттік бағдарлама бойынша белсенділіктерін танытып жүрген өнер әлемінің көрнекті өкілдері: әнші АДАМ, Маржан Арапбаева, ДОС, Алмас Кішкенбаев, Жади, Санда, «Лашын» тобы, «Белес» топтары сахна төрінде өнерлерін көрсетіп, тілшілердің бірнеше сұрақтарына жауап беріп те үлгерді.
Белгілі продюсер Баян Есентаеваның жаңа жобасы «Лашын» тобы өнердегі алғашқы қадамдарымен, қызықты оқиғаларымен бөлісті:
«Мемлекеттік бағдарламаларға сай «Менің Қазақстаным» поездімен еліміздің моно қалаларын аралап, концерт бердік. Сол кездері қыздардың өнеріне тәнті болып жүрген жұрттың қолтаңбаға таласып, суретке түсуге талпынғандарын көргенде риза болдық. Әсіресе, жасөспірім қыздарға үлгі болып жүргеніміз қуантты.»
Санда, «Turkvision-2014» байқауының қатысушысы, «Асқақ арманым» хит әнінің орындаушысы:
«Ия, шынымен осындай аз уақыт аралығында әннің танымал болуы таңқалдырды. Бірақ кері пікір туғызған жандар қатары да аз болған жоқ. Біз аталмыш әнді өзге елден сатып алып, авторлық құқығымызды растаған болатынбыз. Келесі жазылатын әндеріміз осы лепте, әуенді әрі жеңіл болатынына сенеміз.»
Көпшілікке мәлім, биылғы жылы мемлекеттік сайлау барысында отандастарымыздың зор белсенділіктерін танытқанын әлеуметтік желідегі жеке парақшаларынан көруге болады. Әрдайым бұл бағытты ұстанып, халқымызға жақын болайық!
Салта ГАББАС