Айымжан есімді бүлдіршін дүние есігін ашқалы ауыр дертке душар болып, шешуші ота жасау қажеттілігі анықталды. Осыған орай, немқұрайлық танытпаған жандар қайырымдылық кешін ұйымдастырды. Игі іске өз үлестерін Қазақстан эстрадасының жұлдыздары да қосты.
Кішкентай қызға жанашырлық танытып, шағын концертті ұйымдастыруға ниет білдіргендердің қатарында болған 1show.kz компаниясы, «Чойхана №1» мейрамханасы, Model мерейі және «Астана Добро» еріктілер клубы кештің ойдағыдай өтуіне атсалысты.
Қолдауға келген қонақтардың назарына сырға, білезік, жүзік т.б әшекей-бұйымдар мен кондитерлік өнімдерден жасалған тәтті тоқаштар сатылымға қойылып, халық арасында танымал суретшілердің суреттері аукционға шығарылды.
Уақыттың тығыздығына қарамастан қайырымды іс жасауға мүмкіндік таба алған жұлдыздардың қосар ойлары мен тілектері аз болған жоқ.
1show.kz:
- Күнделікті өмірде игілікті істерді жиі жасайсыз ба?
- Есіңізде қаларлықтай етіп жасаған қайырымдылығыңыз болды ма?
Adam, «Новая волна-2013» байқауының қатысушысы, әнші:
- Үнемі жасаймын деп айтуға болады. Бірақ көшеде кетіп бара жатқан кезде арақ-шарапқа сұрайтын болса, теріс қараймын. Осы позицияны дұрыс деп есептеймін.
- Бала кезімнен шахмат ойынына ерекше қызығушылығым бар. Бір кездері жеңімпаз болғаным да рас. Ұстазым сырқаттанып қалған сәтте, отбасымызбен ақшалай көмектесіп, қол ұшын берген болатынбыз.
Қарақат Әбілдина, халық әншісі:
1,2. Бұл қойылған сұрақ менің бүгінгі күнімді толықтай сипаттай алады деп айтуға болады. Таңертең оңалту орталығынан өзімнің құрметіме қойылған Қарақат есімді сәбидің анасы хабарласып, тұсауын кесуге шақырған болатын. Мен бірден келістім. Кейін оны көрген тағы бір екі ана балаларының тұсауын кесуін өтінді. Осындай кең пейілді адамдардың жүзіне нұр сыйлағаныма өте ризамын.
Бүгін Айымжанға да бір көмегіміз тиеді деген сенімдеміз.
Жасын Қанбаев, «Айна онлайн» телевизиялық бағдарламаның жүргізушісі:
- Күнделікті күйбең тірлікте ілтипат танытуды да ұмытпаған жөн. Көмекке мұқтаж жандарға мүмкіншілік туып жатса, міндетті түрде көмегімді беремін.
- Осыдан 1-2 жыл бұрын жайдарман ойыншыларының аса талантты жігіттерін жинап, үлкен сахнада жүрген ағаларымызбен кездесу ұймдастырған болатынбыз. Оның мақсаты жігіттер өнердегі адамдарды өз көздерімен көру, тіл табысу және қарым-қатынас орнату болған еді.
Сұлу да алтын дауысты Дильназ Ахмадиева кештің сәнін келтірді. Аталмыш игілікті жиынға келген қонақтар оның өнеріне тамсанып, сэлфи жасап, көңілдері көтеріңкі болды.
Кештің жүргізушілері Азамат пен Антон концерт барысында аукцион ұйымдастырып, сахнада жаңа ән айтып шыққан Дильназдың әшекей сырғасын сатылымға ұсынды. Көпшілікті таңқалдырған ұсынысты қабылдаған және сырғаны үлкен сомма көлемінде сатып алған «CVL» компаниясының директоры, Рустем Итемиров абыройлы үлкен іс жасағаны шындық. Енді бұл қаржы Айымжан бүлдіршіннің сауығуына негіз болуы ықтимал.
«Денсаулық – зор байлық» - демекші, әлеуметтік белсенділігімізді танытып, қоғамға өз үлесіміз қосуға әрдайым дайынбыз, деп айтқымыз келгені. Байлығымыз көп болсын!
Салтанат ГАББАС