Журналистика әлемінде өзінің өжеттілігімен, қайсарлығымен танымал, «Шіркін life» тележобасынан жалғасып келе жатқан шытырмалы оқиғаға толы өмірі Маржан Сұлтанбайды әбден әйгілі етті деп айтуға болады. Бүгінде астаналық ORDA fm радиосының жүргізушісі 1show.kz редакциясының тілшісі қойған сауалдарға қуана-қуана жауап берді.
- Қазақстан шоу бизнесіне қалай танымал болдыңыз?
Сол баяғы шаштың оқиғасы деп ойлаймын (күлді). Негізі шығармашылық өмірім НТК телеарнасынан, «Хабар» агенттігінің кейбір эпизодтарынан, «Шіркін life» тың аса зор ықпалынан болар.
- Cіздің ерекше қабілеттеріңіз бірі, ер адамдардың көңілін аулауда әсерлі жолдарын біледі екенсіз. Бойжеткендерге айтатын қандай кеңестеріңіз бар?
Радиодағы тәжірибеме келетін болсақ, бұнда ең басты дауыс емес пе? Тыңдармандардың назарын аударуда аса ықпал ететін де, көңілін көтеретін де, ақпаратты дұрыс қабылдауға әсерін тигізетін де жүргізушінің даусы. Соған байланысты қыз бен жігіт сөйлескен кезде, дауыс арқылы баурап алуға болады. (Радиодағы жұмысымды енді бастаған уақытта тыңдарман қыздардың бірі жігітінің менен қызғанатынын айтқан болатын.)
- Қазақша тәрбиеленгенмен, кей кезде адам таңғаларлық әрекеттер жасайсыз? Ондайға сізді не итермелейді?
Бала кезімнен қалыптасқан өмірлік ұстанымдары да бар. Мектеп қабырғасында оқып жүргенде және студенттік шағымда өте белсенді болдым. Көптеген маңызды іс-шараларға қатысып, ұйымдастырушылықпен айналысып та жүрдім. Тек қана дұрыс жолмен жүрдім десем болады. Ал ерегесу, тентектік қылықтарым кейін шыға бастады. (күлді)
- Уақыт өте келе жемісін көретіндей, қазір бар күшіңізді, үлесіңізді қандай салаға қосар едіңіз?
Негізі, сән үлгісіне де, қазақ қыздарының тәрбиесіне де өз үлесімді қосқым келеді. Дизайнер болуға да ұсыныстар түсіп жатады, түрлі түсті орамалдарыма қызығушылық танытып жатқандар да бар. Бірақ әзірше қазақ қыздарының киім үлгісіне байланысты тақырыптарға семинар-тренингтер өткізіп жүрмін. Қазақ қыздарының ашық-шашық киінбей, белгілі бір тәртіпті ұстануына шақырғым келеді. Oсындай бір қазаққа пайдалы дүние жасасам деймін.
- Қазіргі таңдағы Қазақстанның шоу-бизнесіне көңілініз тола ма? Соңғы кездері экранға шығып жатқан жаңа бағдарламалар жайлы ойыңыз қандай?
Алғашқыда дамып жатқан шоу-бизнеспен салыстырғанда ілгерушілік бар деп ойлаймын. Жұлдыздардың киім үлгісін айтатын болсақ, асырмалы сахналық кейіптен алыстап, өздеріне жарасымды және көрерменге де ұнайтын сәнді киімдерді кигені қуантады. Кез-келген танымал адамның өнеріне сай, талғамымен киінгені жөн деп санаймын.
Бүгінде қазақ телеарналарында орын алып жатқан жобалар мен бағдарламалардың сапасы мен саны сәйкес келеді деп айтуға болады. Бірақ өкініштісі, көбіне осы бағдарламалар қазақ эстрадасының әншілерін шақырумен айналысады. Танымал адамды таныстыра берудің қажеті шамалы, оған қоса «әнші боламын» дегендердің арасында өткізіліп жатқан байқаулар өте көп. Менің ойымша, өзге де салада қызмет етіп жатқан азаматтарымызбен әңгімелесіп, сұхбаттасса нұр үстіне нұр жауар еді. Демек, өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге ретінде насихаттаса, ықпалы зор болар еді.
- Маржан, әңгімеңізге, ойыңызды ашық айтқаныз үшін көп рахмет! Жоспарларыңыздың іске асуына тілектеспіз!