Өнер жұлдыздары мен қоғам қайраткерлерін бағдарламасына шақырып, шындықты талап ететін тележүргізуші Әйгерим Сейфолла 1show.kz тілшілеріне сұхбат берді. Қызықты да мағыналы «сыр бөлісуді» назарларыңызға ұсынамыз.
- «Сырласу» бағдарламасына қалай келдіңіз?
«Сырласу» жобасына келуім кездейсоқ емес. Бұл бағдарламаға дейін мен көрерменге ұлттық арнадағы 2009-2011 жылдары шыққан «Меншікті мекен» хабары арқылы танылдым. Екі жобаның да жетекшісі елімізге танымал журналист Ләззат Мұратқызы Танысбай. Менің жалпы танылуыма жол ашқан ұстазым осы кісі десек болады. «Сырласуды» ашудағы мақсат – халықтың ерке ұл-қыздары, мақтаныштарына айналған тұлғалармен еркін, боямасыз, бүкпесіз сұхбаттасу еді. Бұл мақсат бүгінде орындалды, себебі, біздің бағдарламамыз үш жылдан артық уақыт өтсе де жақсы рейтингке ие.
- Аталмыш жобаның осыншама танымал болуына не әсер етті деп ойлайсыз?
Шыны керек, көрермендер тарапынан жылы лебіздерді жиі естіп отырамын. Тіпті, ауыл-аймақтардан хабарласып, осындай бағдарламаның барына ризашылығын білдіріп, біреулері Астанаға жол тартқан туыстарынан: «Сырласудағы Әйгерімнің қалы қалай» деп, сұрайды екен (күліп). Онымен қоса, тек қана жақтамай, даттайтын да жұртымыз бар емес пе. Бағдарлама атауын «Сырласу» емес «Тергеу» деп қойса, әлдеқайда жарасымды болар еді деген пікірлерді қабылдайтын кездеріміз болады. Жобаның танымалдығын көрермендердің белсенділіктерінен байқауға болады.
- Сіз өзіңізді іскер әйелдер қатарына жатқызасыз ба? Және отбасыңызға басым көңіл бөлуге уақыт жете ме?
Мен өзімді іскер әйелдер қатарына жатқыза алмаймын. Отбасым, бала-шағам, жолдасыма көп көңіл бөліп, қолдау көрсеткім келеді. Жолдасым да кызметінде жоғары дәрежеге көтерілгенін қалаймын. Сол себепті, бүгін Павлодар қаласына қоныстандық. Болмаса, «Сырласудағы» жылы орнымды суытпай, бағдарламамды одан әрі жалғастыра беруіме, басқа да жобалар жасауыма әбден болар еді.
- Бүгінде instagram парақшасында табынушыларыңыздың саны көп-ақ. Олардың пікірлеріне не болмаса кеңестеріне құлақ асасызба?
Бағдарлама шыққаннан бері, көрермендер саны ұлғайып, өз ниеттері мен пікірлерін білдіріп жатады. Өзімнің жеке инстаграм парақшамда пікірлерге көңілім тояды. Жағымсыздан гөрі жағымды пікірлер мол. Мысалы, бағдарлама майталманының жалған айтқанын жазып, келіспей, реніштерін айтатындары да бар. Жеке басым, қарапайым халықтың сөзіне құлақ асқанды жөн көремін. Олардың танымал адамдар туралы әңгімелерін естіп қалған кезде, таң қалдыратын тұстарды көп табамын. Халық арасында айтылғанның шын не өтірік екеніне көз жеткізу мақсатында көрермен күткен, көпшілік қалаған сұрақтарды төтесінен қоямын.
- Үш жылда өзіңіздің қалыптасқан, сүйікті сауалдарыңыздың бірі қандай?
Негізі, сұхбатқа келетін белгілі бір маман иесі бағдарламаға келмес бұрын, тақырыпқа сай мақал дайындап, мәліметтер зерттегенмен әңгімеге сай келе бермейді. Сырласу қызу жүріп, сұрақтан сұрақ туындап жатқан кезде нақты жауапты күтемін. Жиі қоятын сұрақтарымның бірі: «Бүгінгінің батыры кім?» дегенде, кімнің жағымпаз екенін аңғарасын. Тағы біреуі: «Меншігіңізде не бар?» деген сұрақ өзіме ұнайды. Көпшілік бұл сұраққа жауабын бере бермейді. Дегенмен, айдан анық нәрсені жасырудың қажеті шамалы, деп санаймын.
- Олай болса, сүйікті сауалыңызды өзіңізге қойсам? Меншігіңізде не бар?
Менің еш жасыратыным жоқ (күліп). Бүгінде меншігімде ауыз толтыратындай, айтарлықтай ештеңе жоқ. Алла қаласа, бірер жылдан соң жеке кәсібімді бастап, ойымды жүзеге асырамын. Жолдасым екеуіміз білек сыбана еңбек етудеміз.
- Әйгерім, сұхбатыңызға көптен көп рахмет!
Сізге де рахмет!
Салта ҒАББАС