X Factor – дүниежүзі бойынша танымал байқаулардың бірі. Жыл сайын отандастарымыз бағын сынап, жеңімпаз атануға бел буатыны мәлім. Жас, талантты, батыл жігіт деп айтуға келетін, тез арада көпшілік қауымның көңілінен шыққан Данияр Жулбарисовтың жобадан алған әсері қандай болғанын келесі сұхбатымыздан оқып, біле аласыздар.
Қатысушылардың ішінде ең жас болғаның белгілі. Тәуекел етуге не әсер етті?
Бірнеше жыл бойы тобымызбен ән айтып жүрдік. Бірақ бұл байқауда жалғыз өнер көрсетуім керек болды. Топтың құрамындағы балаларымыз мені толықтай қолдап, жолымның ашылуына шын ниеттерін білдірді. Қостанай қаласында және Жетіқара мекендерінде танымалдығымыз артып, жаңа белестерді бағындырғымыз-ақ келді. Алғаш іріктеуде орындалған ән, өзіме де қатты ұнады (күліп). Қазылар алқасының үшеуі де «ия» деген жауабын айтқан кезде, төбем көкке жеткендей болды.
Жобаға қатысу барысында Қостанайлықтардың қолдауы қаншалықты әсерін тигізді?
Байқау басталған сәттен, тыңдарман қатары ұлғайғанын байқадым. Маған дауыс беріп, туғандарым үнемі хабарласып, хал-жағдайымды сұрап, мен үшін қобалжығандары күннен күнге қатаюыма әсер етті, деп ойлаймын. Жасөспірімдер қатарынан әсіресе, назардың зор болғанын көріп жүрдім. Тіпті, әлеуметтік желіде «Жулбарисики» атты фан-клуб тобын құрып, жаңалықтарды жариялап, тыңдармандар санын ұлғайтты. Осындай нағыз жанашырларға алғысым шексіз. Бұйырса, туған қаламда жеке концерт ұйымдастырсам ба деймін.
Өнер жұлдыздарының, ұстаздарының сын көздерін дұрыс қабылдай алдың ба?
Шынымен, байқау кезінде көптеген мадақ сөздермен қатар балағатта аз болған емес. Дегенмен, өз басыма сын қатты түсіп жатса, басымды түсірмей, көңіліме жақын алмауға барынша тырыстым. Керісінше, өзімнен үлкен қатысушылар алғашқы түсірілімдерден кейін, күресуден бас тартып жатқанда, барлығымыз бір үйдің балаларындай қолдау көрсетіп, қол ұшын беруге дайын болдық. Жасалған қателіктердің қайталанбауына күш салуға тура келді. Мен үшін сахналық өмірдің жаңа қырлары ашылды. Үлкен сабақ алғаныма ризамын.
Қазылар алқасының ішінде аса қайырымды болып көрінген кім?
Менің ойымша, Нағима Хабдулловна, Нұрберген Махамбетов бізге аса зор көңіл бөлді. Ең қызу сәттері бізге анамыз да, әкеміз де болған. Тікелей эфирге шығар алдында, психологилық тұрғыдан көмегін тигізіп, алға жетелеген адамдардың бірі. Оларға әлі күнге дейін алғысым шексіз.
Бүгінде жобаның қатысушыларымен қарым-қатынастарыңыз қандай?
Х - фактор байқауындағы іріктеулерден өткенннен кейін, арамызда бәсекелестік басым болады, деген ойда болған едім. Ойлағанымдай емес, біз бірімізге біріміз аса жақын, тату болдық. Жақын арада «Трио Z» тобымен кездесу жоспарымда бар. Жобадан кейін де достығымыз жалғасын тапты.
Байқаудан шығып қалған кезде, қандай сезімде болдың?
Өзім қатты уайымдадым, деп айта алмаймын. Ата-анам, тыңдармандарым қатты абыржыған болатын. Соңғы қатысуда денсаулығым нашарлап, Александр Шевченконың айтқан сөзінен кейін көңілім түскені рас. Осы бір кезде эстрада жұлдыздарының күнделікті күресімен таныс болдым. Қиындыққа төтеп бере алғаныма қуаныштымын. Тыңдармандарым көпшіліктің пікірімен келіспей, алдағы уақыта мені тағы да сахна төрінде көруді қалайтындарын айтып, бір серпін берді.
Қазіргі уақытта қайдасын? Шығармашылықты артта қалдырған жоқсын ба?
Бүгінде арманыма қол жеткізу үстіндемін. Бүгінде өнер факультетінде білім алып, бос уақытымды ән айтуға арнаймын. Шығармашылық ұсыныстар түсіп жатса, қуана-қуана қабылдаймын. Болашақта, Айқын, «Rin’Go» сынды танымал жұлдыздармен бір сахнада өнер көрсетсем, деп армандаймын.
Сұхбатыңызға рахмет! Өнеріңіз өрге жүзсін, дегіміз келеді!
Сізге де көп рахмет!