«Сезім сиқырлы ғаламат...» сөздерін естімeген адам жоқ шығар. Бұл әннің бағыты жан-жақты, құлаққа жағымды, әуені тартымды болуына Қайрат Баекенов және «Формат» тобы аса зор ықпал етті. Аталмыш хит орындаушылары 1show.kz журналына берген сұхбатында шығармашылық қыр-сырымен бөлісуге бірден келісті.
Өнер адамы ретінде Қазақстанның бүгінгі таңдағы шоу-бизнесі қандай деңгейде деп айта аласыз?
(Формат тобының әншісі) Шоу-бизнеске аяқ басқаныма көп болмаса да, қызығы мен шыжығын көріп келеміз. Менің ойымша, қазіргі уақытта әншінің жанды дауыста айтқаны әлдеқайда дұрыс және сахнаға музыкалық аспаптармен ойнап шығу көрермендердің көңілін қуантар еді.
«Формат» тобының бағытын өзгерту ойыңызға келді ме?
Жоқ, неге десеңіз, біздің топ құрылғаннан бастап әртүрлі бағытта жұмыс істейді. Поп музыкалық стильден рокқа бірден көшуіміз мүмкін. Бір ән екінші әнге ұқсамайды. Сол себепті болашағымыз да зор деп ойлаймын.
«Махаббат» әнінің хит болуына не себеп болды?
Әннің бірден хит болғаны рас. Негізі тәжірибе (эксперимент) ретінде әлеуметтік желіге жіберген болатынмын. Әріптестерім алғашқы рет естіген сәтте, менің стиліме ұқсамайтытын айтты. Кейін телебағдарламаларға қатысып, жаңа әнді таныстырғанда көпшілік қабылдап, риза болды. Тыңдармандарымыздың саны көбейе түсті.
Білуімізше, басқа әншілерге ән жазбайтын болыпсыз? Оған не себеп болды?
Шыны керек, аздап демалсам ба деп едім. Он алты жастан бастап шығармашылығымды шыңдап, белгілі әнлерді жазып келемін. Егер көмегім аса қажет болса, жазып беремін (күліп). «Махаббатқа» келетін болсақ, бірақ жаңашылдық үлесімді қосқым келді. Осы әннен кейінгі әндер де хит болатынына сенемін. Шабытымыз таусылмаса болды.
Қазақ эстрадасының жұлдыздары бақ сынасатын қандай тележобалар мен байқауларда өзіңізді көрсетер едіңіз?
Соңғы кездері телебағдарламаларға жиі шақырады. Әрине, бағымызды сынаудан еш аянбаймыз. Жақында Шәмші Қалдаяқовтың әнкеші өтеді. Жақсы дайындық жүріп жатыр деп айтуға болады.
Жазғы демалыстарыңызды қайда өткізетін ойларыңыз бар?
Демалыс болғанда, Мальдивыда рахаттанып, демалсам ба деймін. (Қайрат Баекенов). Мен болсам, өзімнің туған жеріме, ауылыма барып қайтатын ойым бар. Туған-туысқандарыммен қауышып, біраз уақыт сағынышымды басқым келеді.
Сұхбаттарыңызға көп рахмет! «Махаббат» сынды хит әндеріңіз көп болғай!
Сізге де рахмет!
Салтанат ҒАББАС