Монолог оқуда шынайылығымен өзгелерден оқ бойы озық шығып, көпшіліктік көзайымына айналған Қанат Әлжаппаров Астана қаласының тұрғынына айналды. Күлкiнiң көрiгiн қыздырып, қалжыңның қазанын қайнатқан Қанаттың көрермендермен байланыс орнатудағы ұтымды да тапқыр талпыныстары тәнтi етеді. Сонымен қатар, ол монолог орындаудың мiнсiз үлгiсiн көрсетіп жүр. Белгiлi сатирик ағамыз Сейiт Кенжеахметовтiң "Күле бiлу – өмiр, күлдiре бiлу – өнер, күлкi болу – өлiм" деген жақсы сөзi бар. Демек күле бiлгенiмiз – өмiр сүре бiлгенiмiз. Ендеше, Қанаттың да көрерменге ұсынар дүниесi осы – күлкi сыйлау, күлдiре бiлу, күлдiре отырып, өмiр сүруге талпындыру. Өнер көгiнде ендi ғана қанат қағып келе жатқан жас актердің алғашқы адымдары да осал емес. Ендiгi Қанаттың мақсаты өзiн-өзi ары қарай шыңдай түсу, көрерменiне әдемi әзiл, жинақы қалжың ұсына бiлу.
«Астананың қай жағалауынан орыт тептің?» деген сұраққа Қанат былай деп әзілдеп жауап береді: «Сол жағалауда тұрамын. Себебі, кім Астанаға поезбен көшіп келсе, темір жол вокзалының маңайында тұрады. Ал, мен ұшып келдім. Сондықтан әуежайға жақын жерге орналастым». Қош келдің, Астанаға!- демекпіз Қанатқа.