Ерлан Көкеевтің диско-барындағы кезекті бейсенбілік кештің қонағы, елге патриоттық әндерімен, ерекше дауысымен, жігерлі мінезімен танымал Маржан Арапбаева авторлық әндерін орындап, екі жаңа туындысын да тарту етті.
Әнші қаншалықты танымал болғанымен, сахнаға шығар алдында қобалжитынын айтты. Тіпті, бүгінгі шағын жеке кешке аса мән беріп, бірнеше рет дайындалғаны байқалды. Бірақ сахна төріне шығып, көрермендерін көрген кезде жан-тәнімен ән салып, көпшілікті қуанышқа бөлейтінін де жасырмады.
Айта кетейік, Маржан Арапбаева биыл екінші рет ана атанып, демалысқа аттанудан бас тартқан болатын. Отбасы мен қызметін қатар алып жүретін батыл әнші тағы да бір жетістіктерге қол жеткізуден құр қалған жоқ. 2015 жылдың жаз айында Милан қаласында өткізілген EXPO-ға қатысып, еліміз атынан өнер көрсетті.
«Тыңдармандармен кездесу» жобасында «Жасасын өмір», «Айтқаның осы ғана» атты жаңа әндерін бірінші рет көрермендердің назарына ұсынды. Сонымен қатар, әнші, композитор Қайрат Баекеновпен орындаған дуэт кештің өзгешілігін келтірді.
Әрдайым жаңа тынысқа, өзгеріске дайын Маржан Арапбаеваның өнері өрге жүзіп, жақында жарыққа шығатын бейнебаяны таңдануға тұрарлықтай болуына тілектеспіз!
Салта Габбас