Кеше Астана қаласы, бейбітшілік және келісім сарайында «Астана жұлдызы» атты керемет концерт аталып өтті. Шоу-бизнестің көрікті де көрнекті өкілдері қызыл алаңға шығып, жиналған қауым мен фототілшілерді өздерінің ерекше киім үлгілерімен тамсандырды.
Астананың құбылмалы ауа райына еті үйренбесе де, дәстүрге айналған байқауға келуді міндет деп тұтқан жұлдыздар қызыл кілемде әлем жұлдыздарынан, сымбатты модельдерден асып-түсті, деп айтуға болады.
Қызыл кілемге алғаш болып аяқ басқан Алмас Кішкенбаев болса, соңынан Orda fm радиосының директоры Азамат Исаев, Super Star.kz жобасының қатысушысы Алтынай Сапарғалиевамен қызыл жолға шыққан болатын.
Жұлдыз атына сай, әншілер мен бишілер, продюсерлер мен белгілі жүргізушілер, клипмейкерлер мен кино жұлдыздары ашық-жарқын, түрлі-түсті әшекейлерімен жарқырап, өзгешеліктерін танытты.
Аты шулы кештің жүргізушілері, 1show.kz компаниясының иелері, Orda fm радиосындағы «Лига Джентльменов» радиобағдарламасының жүргізушілері, көпшілікке танымал Азамат пен Антон және Бахтияр Әбілқайыр қызыл алаңға келген жұлдыздарды қошеметпен қарсы алып, қызықты сауалдарымен сергітіп отырды.
Ерекше көзге түскен, көрермендердің назарын бір сәттен жаулап алған жұлдыздардың ішінде: үнемі бойжеткен болып көрінетін әншілердің бірі және соңғы кездері «қазақстандық Леди Гага» деп аталып кеткен Айжан Нурмағамбетова өзінің еденге жеткен қара жамылған көйлегі мен долы ханымның тәжімін киіп ерекшеленді.
Қыздар арасындағы ең үздік әнші атауына үміткер болған Луина ашық-шашық болмаса да, қарапайым әрі есте қаларлықтай коктейлді, бір иығы ғана көрінген нәзік көйлекте өзін көрсете алды.
Орда тобы, Rin-Go сынды өнерлі жігіттерден құралған топтар ақ-қара стильді ұстанып, ресми және салтанатты смокингте көріктілігін әсте жоғалтқан жоқ. Оған қоса, оларды алаңда тұрған журналистерге ең ұзақ сұхбат бергендердің қатарына қосуға болады.
Миллиондаған қыздардың арманы Қайрат Нұртас әдеттегідей қызыл-жасыл түсті костюммен ерекшеленбей, өзінің дүние жүзіне мәлім сауда таңбасы бар көзілдірігімен жанарын алатыны рас. Аталмыш байқауда да ақ шыны мен қара реңгі аралас көзілдірігін киіп келді.
«Бәрін айтта, бірін айт» демекші, Той Beststar бағдарламасының жүргізушілері Айгүл Иманбаева мен Жанар Айжанова кызыл кілем алаңына жаңашылдық енгізді. Еліміздегі басты той-мейрамдардың бәйбішелері, сұлу да табысты нәзік жандар жеңіл көлікті қаламай, трактормен келіп, барша қауымды таң қалдырды.
Қызыл алаңға соңғы болып шыққан «хит» орындаушылары «Формат» тобы мен Қайрат Баекенов сахна төріне жол ашты.
Тағы да басқа өнерпаздар қызыл алаңға жұлдыздай жарқырап, музыкалық бәйгенің сәнін келітіріп, концерт залына аттанған болатын.
2014 жылдағы ұлттық музыкалық бәйгенің иегерлері: Галымжан Молданазар – жаңа тыныс, Медеу Арынбаев – ең үздік әнші, Жанар Дугалова – үздік орындаушы, Rin-Go – жігіттер арасындағы үздік топ, КешYOU – қыздар арасындағы үздік топ, Ренат Гайсин – үздік мәтін жазушы, Аскар Узабаев – үздік клипмейкер, Кайрат Баекенов и группа "Формат" – үздік хит болып белгіленді.
Көрермендер мен табынушылардан бұрын, өнер тарландарының өздері де тағаттанып күткен «Астана жұлдызының» қорытындысын барлық қазақстандық музыкалық телеарналардан тамашалауға болады.
Салтанат ҒАББАС