Қазақ эстрадасындағы үздік те үлгілі дуэттердің бірі, тыңдармандарға үнемі әсем әуендерін арнайтын «Арнау» 1show-дың кенеттен қойылған сауалдарына жауап беруге дайын болды.
Өнер адамдары, жұлдыз ретінде қазіргі кездегі асабалық қызмет жайлы пікірлеріңіз қандай?
- Қазақтың тойлары көп болсын (күлді). Той жасау бойымызға сіңіп кеткен қалыптардың бірі болғандықтан, асабалар саны да ұлғайып бара жатқаны рас. Күнделікті күйбең тірлікте: «Жүріп-жүріп асаба болып кетіпті» деген әңгімелерді естіп жататынымыз бар (әзілдеп). Негізі, асабалық мамандық әркімнің қолынан келе бермейтін дүние. Асаба жолына жаңа түскен жастарымыз табыс табу мақсатында емес, адамдардың көңілін көтеруге мән берсе, жақсы болар еді.
- Соңғы кезде бейнеклиптерді сирек түсіретін болыпсыздар, жаңа туынды қашан жарыққа шықпақ?
- Қазір біз жаңа ән жазып жатырмыз. Музыкалық продюсеріміз Нуржан болғанмен, кезкелген жаңа туындыны, жаңа әнді тыңдап-таңдап, барлығымыз бірге ақылдасып, ортақ шешімге келеміз. Шынымен, соңғы кездері бейнеклип түсіруді қойдық деп ойлап жатқандар бар. Өзіміздің қалыптасқан стиліміз өзгерген жоқ. Жақында жаңа бейнеклип түсірмекші ойымыз бар. Құдай қаласа алдыңғы айда түсірілімді бастаймыз. Жоспарлырымыз әлі де көп.
- Салтанат, Нұржан өздеріңіз байқағандай, бүгінде жас әншілер саны көбейіп жатыр. Олардың ән орындаудағы сапасы жайлы пікірлеріңіз қандай?
- Жалпы қазақтың өнерлі балалары көп. Дегенмен, көпшілік ауылда қалып қояды. Кезінде Нұрғиса атамыз нағыз таланттарды ауыл-аймақтардан шақырған. Кейбір қара домалақтарымыз мүмкіншіліктері болмағандықтан, қалағанына қол жеткізе алмайды. Осы жағдайды қарастырған жөн деп ойлаймыз. Қатарымызға өнерлі балалар қосылса, тіпті жақсы болар еді, – деген ойларымен бөлісті.
- Астанаға жұмыс бабымен келіп, бізге де уақыт бөлгендеріңіз үшін рахмет! Жаңа туындыларыңыз қуаныш әкелсін!
- Сізге де рахмет!