Осыдан үш ай бұрын 1show.kz ұжымы аты шулы «Астана жұлдызы» жұлдызды бәйгесінде келбетімен ерекшеленген, қара киімді жігітпен бір қатарда отырып, «Жаңа тыныс» номинациясына ие болатынын сезбеген болар, ал бүгінде танымал Ғалымжан Молданазар көп ұзамай бізді толқытқан сауалдарымызға жауап берді.
Ғалымжан, ән орындаудағы ерекше стиліңіз қалай пайда болды? Оған түрткі болған не?
Әр адам өзінше болып келеді. Өзінің күшіне сеніп, жан дүниесіне сай шығармашылықпен айналысатын болса, ерекшеленетін орындаушылар көп болар еді. Мен біреуге ұнау үшін жұмыс жасамаймын. Ол да себеп болуы мүмкін. Осындай бағыт Еуропада өте көп. Біздің елге де ақырындап келе жатыр. Мен Британдық музыканы сүйіп тыңдап көп зерттедім, әлі де ізденіп келемін.
Қазақ эстрадасында қандай әншілерді сүйіп тыңдайсыз? Кімді үлгі тұтасыз?
Әнші болуға бел буғаннан бері Мейрамбек Беспаев, Құрмаш Маханов, Бақытжан Қажымұқанов, Орда тобын аса сүйіп тыңдаймын. Ал Ардақ Балажанова мен үшін әрқашан үлгі болады деп ойлаймын.
Отбасыңыздың шығармашылыққа қатысы бар ма?
Ата-анам, аға-әпкелерім домбыра, гитара музыкалық аспаптарында қуана-қуана ойнап, ән шырқайды. Бірақ өнер жолын қуған емес. Мен болса, туған-туысқандарымның ниеттерін ақтауға тырысамын.
«Армандамайтын адам жоқ» - демекші, бала кезіңіздегі арманыңыз орындалды ма?
Иә) Бала кезімде ғарышкер болғым келген еді. Бесінші сыныпта оқып жүрген кезімде гитара ойнап үйренгелі музыканы сүйіп, арманым бүгінгі күндегідей әнші болу еді.
Ән әлемінде «Дүр сілкіндірген» әндеріңіздің бірі?
Көрермендер мен тыңдармандардың бағалауы бойынша «Ақпен бірге» зор орынға ие болды деп айтуға болады. Аталмыш өлеңге түсірілген бейнебаянның мазмұны да бірден назарын аударды. Менің шығармашылығымды күрт өзгерткен кездерімнің бірі деп айтуға болады.
«Астана жұлдызы» жұлдызды бәйгесінде жүлделі орынға ие болдыңыз, қандай әсер алдыңыз?
Күткен жоқпын деп те айта алмаймын. Шыны керек, қуанышым шексіз. Бұл менің жетістіктерімнің бірі, еңбегімнің жемісі деп білемін. Әншіге серпін беретін байқаулар көп болса, жақсы болар еді.
Табынущыларыңыз қандай әлеуметтік желілерде сіздің күнделікті өміріңіз жайлы біле алады?
Заманға сай, қазіргі уақытта Вконтакте, Instagram, Facebook әлеуметтік желілерін жиі қолданамын. Табынушыларыммен қолым босаған кезде, тіл табысамын.
Мерекелік кештер мен тойларда ән айтуға жиі шақыра ма?
Тек қана ән әлемінде ғана емес, халқымыздың көңілін аулаған сәттерден бастап мерекелік кештерге жиі шақыратын болды. Соңғы кездері тойға да барып тұрамын.
Өмірлік ұстанымыңыз қандай?
«Өзіме және өзгеге қиямет жасамау».
Салтанат ҒАББАС